«Қамшы» порталының электронды поштасына Серік Боқан есімді автордың «БЕКЕТ АТАҒА СЫЙЫНЫП, ЖӘРДЕМ ТІЛЕУ ҚАЙДА АПАРЫП СОҒАР ЕКЕН?» деген мақаласы келіп түсті. Автордың жазуынша, Abai.kz сайтына жарияланған «Бекет ата» атты мақала Серік мырзаның осы жазбасына себепші болған көрінеді.
Мәртебелі, оқырман! «Қамшы» - еркін ақпарат алаңы. Айтар ой, қосар пікірлеріңіз болса, мархабат! Біз әрқашанда оқырмандарымыздың тиісті уәжіне орын беруге дайынбыз.
*** *** ***
Кезінде Нұқ пайғамбар қауымы өзінен бұрын өткен бес әулиенің әруағына сыйынып кеткендіктен Нұқ қанша ескерту жасап «Аллаға серік қоспаңдар!» десе тыңдамайды, кейін соның кесірінен жойқын апатқа жолығып жойылып кетті... Қазір өкінішке орай бақытын Алладан емес, әруақтан сұрап жүрген адамдар тобы азаяр емес. Бұрында еститінмін Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет деген ұлықтау сөзді . «Жаратушы тұрып, жаратылғаннан не сұрайсың?» ( Абай). Абайға неге жүгіне береміз дегенде Абай сөзі құран мен хадистің өлең болып сөйлеген қазақша формасы. Олай боса жаратылғаннан сұрағанымыз ақылға сияма? Демек құран мен сүннетке жүгінбегендіктен ілімсіз сағым қуалап жүргенімізді мойындайтын кез жетті! Қай заманда да оң көзіміз Құран, сол көзіміз Сүннет болуы тиіс. Әйтпегенде әп-сәтте адасып кетуіміз мүмкін. Дәлірек айтсақ, Алла мен адам арасындағы рухани байланысқа әруақ кірісе алмайды. Құран Кәрімнің, «Рағыд» сүресінің 28 аятында: «Жүректер Алланы еске алу арқылы жай табады, Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен орнығады» дейді. Бұл аят Абайдың пайымында: «Дененің барша қуатын, Өнерге салар бар күшін, Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса Тәңір үшін» – деп насихатталады. Осыларда бір әруақтан тілеу деген сөз бар ма? Жоқ!
Демек санаға шіре салынып, бей опа саясаттың бейшара халінен құтылсақ та бей саналы түрде бағытсыз адасушылық басым бүгінде. Дін қайраткері Ғұмар Қараштың Шәкәрімнің «ноқталы ми» ұғымын ерекше атап кеткен. Ілімсіз бір нәрсенің артынан түсіп адасушылыққа қатаң сын берген. Сол ғұламалардың бағдар шамын дұрыс пайдаланып өзімізге жол басшы қылуымыз тиіс. Олай болса ақиқаттан алшақ өзіміздің рухани танымымыздағы кемшіліктерді көруге әм түзеуге тиіспіз. Себебі «сын түзелмей, мін түзелмес» деген ұлы рухани таным таразысы бар.
Бекет ата өткен (1750-1813) жылдары өмір сүрген хақ ислам жолындағы құрметті тұлға. Сондықтан ол кісіге әр бір қазақтың құрметі бар, бірақ сол сыйлауды сыйынуға жеткізіп, шапағатшыға балап, жәрдем тілесек не болдық? Өлгеннен кейін құдайлық сипатқа көтеріп әкету қандай бейшаралық? Біз қайта ол кісінің артында қалған өсиетінен нәр алуымыз керек емес пе еді. Құранда: «Білімсіз еш нәрсенің артынан түспе» дейді. Демек шәриғи ілім алмай көзсіз артынан түсу адасушылыққа апармай ма? Ілім ол – нұр, сол нұр арқылы ақиқатқа, бақытқа жеткізеді!
Мақаланы жазуға түрткі болған Боранбай Ғалиев Атырау жерінің азаматы. Бауырымыз мақаласының әл-қиссасын былай бастайды: «Жығылғанды жебеп, желіккенді жөнге салатын, дарқандығы мен батырлығы, жауласқанды достастырып, атан түйе өткел бермейтін өзенді кері ағызатын құдіреті туралы Маңғыстау халқы жыр етіп айтады», – дейді тамсанып. Ары қарай тағы былай дейді: «Бекет Ата арқылы дертіне шипа тауып, түтіндері түзу ұшып жатқан отбасылар қанша ма? Сөз реті келгенде айта кетейін, басына қиын іс түсіп, барар жер, басар тауы қалмаған кезде Бекет атадан шапағат тілеу арқылы тығырықтан жол тапқан адамдардың бірі – осы жолдардың авторы», – деп өзінің қалай әруақтан жәрдем тілегенін ашып айтады.
Одан барып тағы Боранбай мырза аңыз, әфсана сияқты өз басындағы оқиғаларды баяндайды. Көз таныс бір баланың айтуымен 18 - ғасырда пір болып танылған Бекет атадан жәрдем тілесең мақсатыңа жеткізеді дейді. Сонымен іштей жалбарына бастағаны сол екен, бүкіл базаршы тауарын алып саудасы күсет болып байып кетеді. «Суды қанша сапырсаң май болмайтыны сияқты» мақала сол бастан аяқ баяғы аталмыш бағытынан таймай Бекет ата мазарына 3 рет барғаны, ондағы еш дәлелсіз ақпарлармен жұртқа пір туралы фантазилық уағыз айтады. Ол бізді бүкіл қиындық атаулыдан құтқарады дейді. Бір байқағаным жазба бастан аяқ қисынсыз жазылған. Ақиқаттан аттағаннан кейін солай болады да.
Онда сараптап көрейік. Кезінде христиандар Иса пайғамбарға сыйынып адасты, діннен шықты, мәңгілік азапқа ұшырады.. Пайғамбарға сыйынғандар Алланың ашуын алып келетін болса, жәй ізгі адам ретінде танылған Бекет атадан жәрдем тілеп, қолдау сұраған адамдардың жағдайы қандай болмақ? Өйткені бұл Аллаһ алдында кешірілмейтін күнә, Аллаға серік қосу. Оған дәлел, Бұхари Аллаһ оған разы болсын! жеткізген хадис: «кімде кім Аллаһ Тағаладан басқа біреуге дұға етіп, жалбарынып жүрсе, ол тозаққа енеді» делінген. Ол аз болса құранда Алла айтып жатыр: «Аллаһпен бірге басқа тәңір шақырма. Онда, сен де азапқа ұшыраушылардан боларсың» (Шура сүресі. 213 аят).
Адамдар өз нәпсісіне оңай болу үшін Алланың дінін өзінің қалауына бағындырғысы келеді. Демек өлілер бізге мұқтаж. Әулие мен әруқтардан және ғайыптағы адамдардан күнәміз үшін кешірім сұрауымызға және жәрдем тілеуімізге болмайды. Өкінішке орай, қазіргі біздің қоғамымызда осындай шариғатқа қайшы жұмыстар етек алып жатыр. Яғни әулие ата бабалардаң басына барып тілек тілеу, оларға құрбандық шалу, олардан көтермеген әйелдер немесе құрсақ көтермеген келіншектер барып солардан бала сұрап жатады. Бұлардың бәрі танымға жат, шариғат тыйған, исламға қарама қайшы тірліктер. Сондықтан бұндай амалдардан аулақ болуымыз керек.
Қабірге барғанда, яғни тек қана біз ақыретті еске алу үшін, ғана қабірдің басына барамыз. Бір тілек тілеп, олардан жаңағыдай бір дұғаның қабыл болуын тілеу бұл шариғатқа қайшы, ширік амалына жатады. Мысалы Бекет атаның қабырын үлкен алқалы сарай қылып салып, құлшылық орны қылып алды. Бұл шынында кешірілмейтін күнә. Оған дәлел: Бұхари мен Мүсілім жеткізген мына хадисте «Аллаһ елшісі оған Аллаһ Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын! қабірді сырлауға, үстіне отыруға, кесене тұрғызуға, топырағын биік етіп көтеруге, және оған бір нәрсе жазуға тиым салды.»,- делінген. Жәнеде Алланың сөзін келтіреміз құраннан: «Шынында, мен – Аллаһпын. Менен өзге ешбір құдай жоқ. Ендеше маған құлшылық ет және мені еске алу үшін намазды орында», – дейді(Таһа сүресі, 14 – аят). Демек бәрімізге жақсылыққа айтып, жамандықтан қайтару парыз.
Пайғамбар с.ә.у кезінде Мекке мүшіріктері қолдан жасаған пұтқа және Аллаға да құлшылық қылатын болған. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір бәдәуиға келіп: «Қанша Құдайға сыйынасың?», – дейді. Ол: «Жеті Құдайға. Біреуі аспанда, алтауы жерде», – дейді. «Қатты қысылғанда қайсысынан жәрдем сұрайсың?», – дегенде, «Аспандағысынан», – депті. «Онда жәй қиналғанда да соған сыйына бермейсің бе? Қатты қысылғанда жәрдем берген құдай жәй уақытта да құтқармай ма?», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) таухидті қарапайым адамдар ұғымында, тілінде солай жеткізіп, Аллаға серік қосудан қайтарған. Иншалла бәрімізді мейірімді Алла тура жолға салсын!
Серік Боқан
Пікір қалдыру